ҰҒТОО-да буындарды эндопротезд…
2026 жылғы 29 қазанда академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында ірі буындарды эндопротездеудің бірыңғай тіркелімін енгізу мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті. Бейнебайланыс форматында өткен кездесуге Қазақстанның медициналық ұйымдарынан 50-ден астам травматолог-ортопед дәрігер мен медицина ұйымдарының басшылары қатысты.
Кеңес барысында Тіркелім деректерін толтыру мониторингінің нәтижелері, жиі кездесетін қателер және мәліметтерді енгізу кезінде туындайтын мәселелер талқыланды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Электрондық денсаулық сақтау ресурстары базасының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда эндопротездеу бойынша 16 276 операция жасалған. Алайда Тіркелімге мәліметтер елдің тек 11 өңірінен ғана ұсынылған.
Кеңесті ҰҒТОО директорының стратегиялық даму және медициналық қызметтердің сапасын басқару жөніндегі орынбасары Ержан Ысқақов ашты. Ол Қазақстанда эндопротездеудің бірыңғай тіркелімін енгізудің маңыздылығын атап өтіп, пилоттық жобаның қазіргі нәтижелері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында белгіленген талаптардың орындалу деңгейі жеткіліксіз екенін көрсететінін айтты.
ҰҒТОО маманы Ерсұлтан Әлжанов Тіркелімді толтыру кезінде жиі кездесетін қателерді талдап, деректерді енгізуді жеңілдететін бұрын жолданған үлгіге енгізілген толықтыруларды таныстырды және травматолог-ортопед дәрігерлердің сұрақтарына жауап берді.

Қазақстанның ірі медициналық ұйымдарында эндопротездеудің бірыңғай тіркелімін толтыру бойынша пилоттық жоба 2026 жылғы тамызда басталды. Оны енгізу ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы №60 бұйрығымен травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына енгізілген өзгерістерде көзделген.
Бірыңғай тіркелім эндопротездеу операциялары, пациенттер, медициналық ұйымдар, орнатылған имплантаттар және операциядан кейінгі асқынулар туралы деректерді есепке алуға және талдауға арналған.

Мұндай тіркелімдер әлемнің көптеген елдерінде бірнеше онжылдықтан бері жұмыс істейді. Олардың деректері операциялардың ұзақ мерзімді нәтижелерін бағалауға, имплантаттардың қызмет ету мерзімін бақылауға, қайталама операциялардың себептерін анықтауға және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін қадағалауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда Тіркелім енгізілгенге дейін эндопротездеу операциялары мен олардың ұзақ мерзімді нәтижелерін есепке алатын бірыңғай ұлттық жүйе болмаған.
Қазіргі уақытта эндопротездеудің бірыңғай тіркелімін пилоттық енгізу жұмыстары жалғасуда.
