ҰҒТОО мамандары Сеулде инсульт…
Академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының мамандары Сеул қаласында (Оңтүстік Корея) өткен Дүниежүзілік нейрореабилитация федерациясының (WFNR) мастер-класына және Дүниежүзілік инсульт конгресіне (World Stroke Congress) қатысты.
2026 жылғы 19-20 қазанда өткен мастер-класс аясында халықаралық сарапшылар заманауи зерттеулердің нәтижелері мен инсульт алған пациенттерді оңалтудың практикалық әдістерін ұсынды. Ерте нейрореабилитацияға, қозғалыс функцияларын қалпына келтіруге, инсульттен кейінгі дисфагияны диагностикалау мен түзетуге ерекше назар аударылды.
Дүниежүзілік инсульт конгресінде реперфузиялық терапия, нейропротекторлық препараттарды қолдану және дербестендірілген нейрореабилитация бағытындағы соңғы ғылыми зерттеулер таныстырылды. Сондай-ақ инсультті емдеудегі медициналық оңалтудың рөлі талқыланды. Заманауи тәсілдер өлім-жітімді төмендетумен қатар, пациенттердің бұзылған функцияларын, қозғалыс белсенділігі мен өз бетінше өмір сүру қабілетін қалпына келтіруге бағытталған.
Делегация құрамында Ғылым және инновациялар бөлімінің басшысы Лариса Минбаева, Реабилитация бөлімшесінің меңгерушісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық оңалту бойынша бас штаттан тыс маманы Ғалия Жанаспаева және Білім беру бөлімінің ассистенті, Астана қаласының медициналық оңалту бойынша бас штаттан тыс маманы Амина Сейданова болды.

Іс-шаралар барысында мамандар шетелдік әріптестерімен кәсіби байланыс орнатып, ғылыми, білім беру және клиникалық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Алынған білім мен халықаралық тәжірибені білім беру қызметінде және Қазақстандағы медициналық оңалту көмегін жетілдіруде қолдану жоспарлануда.
