ҰҒТОО эндопротездеу саласында …
30 қазанда академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы HKA 2026 халықаралық ғылыми-білім беру конференциясы аясында Қазақстан, Түркия және Ресейдің жетекші травматолог-ортопед мамандарын қабылдады. Екі күндік конференцияның ұйымдастырушысы – ҰҒТОО. Іс-шара жамбас және тізе буындарын күрделі эндопротездеу мәселелеріне арналды.
Бірінші күннің маңызды оқиғаларының бірі – Live Surgery форматындағы көрсетілімдік операция болды. Эндопротездеу және перипротездік инфекциялар саласындағы әлемге танымал сарапшы, профессор Джавад Парвизи ҰҒТОО хирургтерімен бірлесіп, перипротездік инфекция кезінде тізе буынына бір кезеңді ревизиялық эндопротездеу операциясын орындады. Ота тікелей эфирде көрсетіліп, қатысушыларға халықаралық сарапшы мен орталық мамандарының жұмыс барысын бақылауға мүмкіндік берді.

Бірінші күннің ғылыми бағдарламасы баяндамалар мен күрделі клиникалық жағдайларды талқылауды қамтыды. Мамандар эндопротездеудің заманауи әдістері, ревизиялық хирургия, перипротездік инфекциялардың алдын алу және емдеу мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

Конференцияның екінші күні 31 қазанда жалғасады. Халықаралық сарапшылар баяндамалар жасап, күрделі клиникалық жағдайларды талқылап, практикалық тәжірибелерімен бөліседі.
ҰҒТОО базасында ұйымдастырылған ғылыми-білім беру конференциясы қазақстандық және шетелдік хирургтер арасында тікелей кәсіби тәжірибе алмасуға, халықаралық тәжірибені меңгеруге және күрделі ортопедиялық патологияларды емдеудің заманауи тәсілдерін дамытуға мүмкіндік береді.
