ҰҒТОО резиденттері оңалту меди…
Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының резиденттері «Жас ғалым» байқауында бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленді. Байқау 2026 жылғы 12–13 қарашада Астана қаласында өткен «Оңалту және спорттық медицинадағы заманауи үрдістер» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында ұйымдастырылды.
Бірінші орынды Гүлназ Нұрманова «Ірі буындарды эндопротездеуден кейін жүруді антигравитациялық жаттықтыру: алғашқы клиникалық бақылаулар» тақырыбындағы баяндамасы үшін иеленді. Екінші орынға Әділ Баянов тізе буынын эндопротездеуден кейін жүру дағдысын роботтандырылған түзетуге арналған пилоттық зерттеуімен ие болды. Үшінші орынды Әділ Заутбек «Ірі буындарды эндопротездеуден кейінгі пациенттерге роботтандырылған тракциялық терапия қолдану» тақырыбындағы баяндамасы үшін алды.

Ғылыми жұмыстарға Орталықтың Ғылым және инновациялар орталығының жетекшісі, PhD Л.С. Минбаева, Білім беру бөлімінің ассистенті А.Б. Сейданова және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Ғ.А. Жанаспаева жетекшілік етті.
Конференцияның алғашқы күні ҰҒТОО мамандары да баяндама жасады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ересектерге арналған физикалық медицина және оңалту бойынша бас штаттан тыс маманы Ғалия Жанаспаева медициналық оңалтудағы спортқа қайта оралудың заманауи критерийлері туралы баяндады. Ал Астана қаласының физикалық медицина және оңалту бойынша бас штаттан тыс маманы Амина Сейданова инсульттен кейінгі нейрооңалтуға қатысты жаңа ұсынымдармен бөлісті.


Сондай-ақ конференцияны Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университеті мен Назарбаев Университетінің Медицина мектебі ұйымдастырды.
Резиденттерді, олардың бірлескен авторлары мен ғылыми жетекшілерін лайықты марапаттарымен құттықтаймыз!
