ҰҒТОО халықаралық ынтымақтасты…
«2026 жылғы жамбас және тізе буындарын күрделі эндопротездеу: шешілген мәселелер, сын-қатерлер, перспективалар және тәжірибеден алынған сабақтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция қарсаңында Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына ортопедиялық хирургия саласындағы әлемге әйгілі сарапшы, профессор Джавад Парвизи бастаған Түркия мамандарының делегациясы келді.

Орталық басшылығы және жетекші дәрігерлермен өткен кездесуде Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, травматология және ортопедия саласындағы клиникалық тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі тірек-қимыл аппаратының ауыр аурулары бар пациенттерді бірлесіп клиникалық тексеру болды. Түрік сарапшылары ҰҒТОО мамандарымен бірге тізе және жамбас буындарының күрделі патологияларын егжей-тегжейлі зерделеп, хирургиялық емдеудің оңтайлы тактикаларын, сондай-ақ ревизиялық және күрделі эндопротездеудің заманауи тәсілдерін талқылады.

Бұл сапар халықаралық әріптестікті одан әрі нығайтуға негіз қалап, алдағы конференцияның ғылыми-практикалық маңызын арттыра түсті.
