«Қазақстан медицинасының күндері» аясында 26 тамызда академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының мамандары Душанбе қаласындағы «Истиклол» МҰ базасында күрделі хирургиялық оталарды жасап, ондаған пациенттерді қабылдап, кеңес берді.

Негізгі хирургиялық араласулардың бірі -13 жастағы пациентке IV дәрежелі сколиозға хирургиялық түзету операциясы. Отаны Омыртқа патологиясы орталығының жетекшісі Сейдалы Абдалиев пен Омыртқа жарақаты бөлімшесінің меңгерушісі Мұрат Байдарбеков тәжікстандық әріптестерімен бірлесіп орындады.

Тағы бір күрделі операция жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 37 жастағы пациентке жасалды. Науқаста ауыр қосарлас жарақаттар: жамбас сүйектерінің зақымдануы, сол жақ жамбас басының орталық шығуы, оң жақ балтыр сүйегінің сынуы және оң аяқтың таран сүйегінің шығуы анықталған. Өмірлік көрсеткіштер бойынша таран сүйегінің шығуын орнына салу және оң жақ балтыр сүйегіне остеосинтез жасау операциялары орындалды. Ал операцияны Қайрат Тажин тәжікстандық әріптестерімен бірлесіп жүргізді.

Хирургиялық жұмыстармен қатар, қазақстандық мамандар нейрохирургия бөлімшесінде пациенттерді қарап, омыртқа аурулары мен жарақаттарының салдары бар науқастарға, сондай-ақ ортопедиялық патологиясы бар пациенттерге амбулаториялық қабылдау жүргізді.
Бір күн ішінде ҰҒТОО мамандары стационарда 23 пациентті қарап, амбулаториялық форматта 67 пациентке өз кеңестерін ұсынды.

Жұмыс тәжікстандық мамандармен тікелей тәжірибе алмасу форматында жүргізілуде. Бірлескен жұмыс барысында дәрігерлер күрделі клиникалық жағдайларды емдеу тактикасын және травматология мен ортопедиядағы заманауи тәсілдерді талқылады.

Қазіргі таңда Душанбе қаласындағы «Қазақстан медицинасының күндері» жалғасып жатыр. Сондай-ақ 27 тамызға жаңа операциялар, консультациялар және білім беру іс-шаралары жоспарланған.




