АЛМАТЫДАҒЫ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨ…
Бүгінде Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы еліміздің барлық өңірлеріндегі травматологиялық қызметті дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Осы жүйелі жұмыстың кезекті нәтижесі ретінде Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық аурухана базасында Өңірлік травматология және ортопедия орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жаңа орталықта ауыр жарақат алған науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, күрделі хирургиялық операциялар, эндопротездеу және медициналық оңалту шаралары жүргізіледі. Пациенттерге толық циклді, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жасалған.
Сондай-ақ, орталықтың құрылуы Алматы қаласы мен Алматы облысындағы травматологиялық қызметтің өзара байланысын нығайтып, ауыр жарақат алған пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

ҰҒТОО директоры Олжас Бекарисовтың айтуынша, өңірлік травматологиялық орталықтарды дамыту еліміздегі мамандандырылған көмекті жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі.
«Өңірлік травматологиялық орталықтар Астанада – ҰҒТОО базасында, Балқашта және Қарағандыда – профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана базасында ұйымдастырылып қойған. Ал Алматыдағы жаңа орталық бүкіл оңтүстік өңір үшін маңызды медициналық буынға айналады», – деп атап өтті Олжас Бекарисов.
