ТӘЖІКСТАНДА 100-ДЕН АСТАМ КОНС…
Тәжікстанда өткен «Қазақстан медицинасы күндері» аясында академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігерлері Душанбе қаласында бірқатар күрделі операция жасап, қабылдау жүргізді. Сондай-ақ, тәжік әріптестерімен тәжірибе бөлісті.

Бұл жұмыстар омыртқа хирургиясы, табан мен тобық буыны ортопедиясы, сондай-ақ артроскопия бағытын қамтыды.
Омыртқаға жасалған операциялар ең күрделі хирургиялық емдеудің бірі болды. Бөлім меңгерушілері Мұрат Байдарбеков пен Сейдалы Абдалиев бел омыртқасының дегенеративті стенозы бар және жүйке тамырлары қатты ауырсынып жүрген пациентке операция жасады.

Тағы бір операция 13 жастағы сколиозы бар қызға жасалды. Хирургтер омыртқаның ауыр деформациясын түзеді.

Жұмыстың тағы бір бөлігі табан мен тобық буыны хирургиясына арналды. №2 ортопедия бөлімінің меңгерушісі Қайрат Тажин ауыр дәрежедегі жарақаттан кейінгі артрозы бар науқасқа үш буынды артродез жасады. Сондай-ақ, тобық буынының босаңдығы кезінде Уотсон әдісімен пластика жүргізді.

Артроскопия және спорттық жарақаттар бөлімінің меңгерушісі Нұржан Асанов заманауи аз инвазивті емдеу әдістерін қолданды. Ол тізе буынына екі артроскопиялық ота жасап, медиальді менискіні тікті. Сондай-ақ, капсула-сіңір аппаратын қалпына келтірді.

Осылайша, Тәжікстандағы екі күндік жұмыс барысында ҰҒТОО мамандары 100-ден астам науқасқа консультация беріп, 10-ға жуық операция жасады.
Сапардың түйіні ретінде Тәжікстан травматологтары мен ортопедтері қоғамдастығымен бірлескен кездесу өтті. Жиын барысында академик Н.Ж. Батпенов атындағы ҰҒТОО директорының орынбасары Ержан Искаков Қазақстандағы травматология қызметін дамытудың стратегиялық бағыттары туралы баяндама жасаса, ортопедия бөлімінің меңгерушісі Қайрат Тажин клиникалық жағдайларға талдау ұсынды.

Бұл сапар екі ел арасындағы әріптестікті нығайтуға, өзара тәжірибе алмасуға және травматологиялық-ортопедиялық көмекті дамытуға елеулі үлес қосты.