Академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы отандық денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін нығайтуды жалғастыруда. 2026 жылы Орталық алғаш рет «Радиология» мамандығы бойынша 8 дәрігер-резидентті даярлап шығарды. Сонымен қатар білім беру қызметінің аясын төрт мамандыққа дейін кеңейтіп, «Травматология-ортопедия (балалар)» бағыты бойынша резидентуралық даярлауды бастады.

Медицина кадрларын даярлау өңірлердің қажеттілігі мен жергілікті атқарушы органдардың сұраныстары негізінде қалыптастырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жүзеге асырылады. Бұл денсаулық сақтау жүйесін дәл қажетті өңірлерде сұранысқа ие білікті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Орталықтың резидентурасында 124 болашақ дәрігер білім алуда. Оның ішінде 65 резидент «Травматология-ортопедия (ересектер, балалар)» мамандығы бойынша оқиды.

Орталық жылдар бойы травматология, ортопедия және медициналық оңалту салаларында мамандар даярлайтын жетекші ғылыми-педагогикалық мектептердің бірін қалыптастырды. 2008 жылдан бері «Травматология-ортопедия (ересектер, балалар)» мамандығы бойынша 146 дәрігер-резидент даярланды. Ал 2023 жылдан бастап «Физикалық медицина және оңалту (ересектер, балалар)» білім беру бағдарламасы бойынша 27 маман дайындалды.

Оқу үдерісі еліміздегі жетекші бейінді ғылыми орталықтың базасында ұйымдастырылып, диагностика, емдеу және медициналық оңалтудың заманауи технологиялары кеңінен қолданылады. Түлектер жоғары технологиялық емдеу әдістерімен жұмыс істеу, күрделі клиникалық жағдайларды жүргізу бойынша мол тәжірибе жинақтап, еліміздің жетекші мамандарынан тәлім алады. Бұл Академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығын дәрігер кадрларын даярлайтын Қазақстандағы ең мықты клиникалық мектептердің біріне айналуына ықпал етті.



